РОБОТ - ҚҰРАЛ - ҚОЛДАНЫС

Робот (чех.robot, robota — еріксіз еңбек, rob — құл; чех жазушысы К. Чапек ойлап шығарған сөз, ол алғашқы ұғымында “жұмысқа шебер адам” мағынасында қолданылды) — антропоморфтық (адам тәрізді) әрекеттер, қимылдар жасайтын машина; адам жүрісі мен қимылын еліктететін автоматтандырылған, адам қажетіне еңбек етуге бағытталған, күрделі кұрылғы.
Робототехника (чех.robot, robota — еріксіз еңбек + көне грекше: τέχνη — өнер; ағылш.robotics — роботика) – роботтардың құрылысымен, жұмысы мен қолдануымен айналысатын, оған қоса олардың басқару, сезіну мен мәлімет өңдеумен айналысатын механикалық, электр және электронды инженерия мен компьютер ғылымдарының біріккен саласы.
Робототехника роботтардан басқа автоматтандырылған техникалық жүйелер мен өндірістік үдерістердің ең жаңа техникалық жиынтықталуын әзірлеу мен қолдану жолдарын зерттейтін ғылым.
Робот қоршаған әлеммен әрекеттескен кезде адамның (жануарлардың) қызметтері мен іс-әрекеттерін ішінара немесе толық атқарады. Алғашқы роботтар адамның қозғалысы мен сырт пішінін қайталады. Олар ойын-сауық мақсаттарында пайдаланылды. Қазіргі кезде тұрмыстағы көптеген қызметтерді атқаратын, қадағалайтын, мүгедектер мен сәбилерге көмекші, көңілін аулайтын, т.б. роботтар жасалынды, интеллектуалдық роботтар да пайда бола бастады.
Робот техниканың дамуы барысында адамдарды бір сарынды ауыр жұмыстардан, жоғары радиациялы, жоғары немесе төмен температура жағдайларындағы және адам қатынауы қиын жерлердегі (су астында, ғарышта) жұмыстардан босататын автоматтық құрылғылар мен механизмдер түрінде жасалып, олар үнемі жетілдіріле түсуде. Мұндай құрылғылар мен механизмдер өнеркәсіптік роботтар деп аталады. Өнеркәсіптік роботтар – өндіріс процесінде адамның қозғалу және басқару сияқты іс-әрекеттерін (өндіріс заттарының орнын ауыстыру т.с.с.) және технологиялық құралдардың (айла-тетіктердің) қызметтерін орындайтын автоматтық машина. Адамның қатысуынсыз бір немесе бірнеше технологиялық операцияны, өңделетін бұйымды тиеу мен түсіруді қоса алғанда автоматты түрде орындайтын технологиялық өңдеуші машиналардың, өндірістік машиналардың, тасымалдау және көмекші жабдықтардың жиынтығын робот-техникалық кешен деп атайды. Робот-техникалық кешеннің, әдетте, электрондық есептеу машинасы (ЭЕМ) немесе микроконтроллер негізіндегі бағдарламалық басқару жүйесі болады. Робот-техникалық кешен “адамсыз технологияны” енгізудің негізі болып табылатын икемді өндіріс жүйелерінің бастапқы буыны болып табылады. Робот-техникалық кешенді пайдалану жұмыс күшінің тапшылығы жағдайында өте маңызды.
Қазіргі кездегі роботтардың көбісі адамның бұйрақтарымен жұмыс істейді, немесе бір орында қозғалыссыз істейді. Оған қарамастан адамзат динамикалық ортада автономды түрде жұмыс істей алатын роботтарға қызығушылықтарын арттырып жатыр. Сол роботтарға қоршаған ортада кедергісіз жүру үшін навигация керек. Егер күтпеген жағдайлар (мысалы адамдар мен басқа заттар бір орында тұрмай, жылжитын болса) туындаса робот соғысып мәселе туғызуы мүмкін. ASIMO және Meinü robot сынды жоғары дамыған роботтардың навигация жүйелері де мықты. Өзін - өзі бақылай алатын, немесе Ernst Dickmanns-ның жүргізушісіз автокөліктері қоршаған ортаны сезіп, навигация бойынша шешімдерді көліктің өзі қабылдай алады. Сондай роботтардың көбісі жол нүктелердің арасында шарлау үшін GPS-ті radar, кейбір кездерде lidar сынды сенсорлармен, video cameras және инерциялық бағдар жүйелерімен қоса қолданады.